Jannah Theme License is not validated, Go to the theme options page to validate the license, You need a single license for each domain name.
БастыЭкономика

Атырау облысы Махамбет ауылында ауылішілік жолдардың құрылысы жүруде

Махамбет аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобильдер жолдары бөлімінің басшысы Сырымбет Кенжебаевтың айтуынша, қазіргі таңда ауылдарда инфрақұрылымды дамытуға байланысты жұмыстар қарқынды жүргізіліп жатыр. Ауданда су, газ, электр желілері тартылып, тас жол төселіп, медициналық пункт, білім ошақтары ашылу үстінде.

— Махамбет ауылы бойынша ауылішілік жол құрылысы шілде айында басталған болатын. Жасалуға тиіс жолдың ұзындығы – 11,2 шақырым. Аталған құрылыс жұмыстары 19 көшені қамтиды. Осы жылға 500 млн теңге қаржы бөлініп, «Шаттық» мөлтек ауданындағы орналасқан К.Бәйсейітова және Ш.Айманов көшелеріне тас жол салу жұмыстары аяқталды. Енді «Мерей» мөлтек ауданының Әбілхайыр хан және Қ.Смағұлов көшелеріне, «Жасыл белдеу» ықшам ауданының М.Мөңкеұлы, А.Оңайбаев көшелеріне жол төсеу жұмыстары жүріп жатыр. Жобаның мердігері – «Толағай 20/50» ЖШС. Құрылыс жұмыстарының аяқталу мерзімі 19 ай. Жоба жалпы құны 2 млрд 488 млн теңге,- деді ол.

Көптен күткен жолдың салынғанына тұрғындар да қуанышты екендерін айтуда.

— Осы күнге дейін жолдың жоқтығынан жұмысқа қатынау және балаларды мектепке апару қиындық туғызып келген еді. Әсіресе жаңбыр жауған кезде қатты қиналатынбыз. Жаңбырлы күндері көлігімізді басты жолдың жиегіне қойып, резіңке етікпен үйге дейін қатынап келген едік. Енді міне көшемізге жол түсіп, қуанып жатырмыз, деді аудан тұрғыны Руслан Еменов.

Back to top button