Финляндияның Лахти қаласында өткен «Ironman 70.3» триатлонынан атыраулық спортшылар Есімхан Елешев пен Еркін Құрманов жақсы нәтиже көрсетті. Дәлірек айтқанда жалпы уақыты 8 сағат 30 минуттың ішінде орындалатын тапсырманы спортшыларымыздың бірі 5 сағат 30 минутта, екіншісі 5 сағат 14 минутта бағындырды.
Аталған Әлем чемпионатна 60 елден 5300 спортшы қатысса, оның ішінде Қазақстаннан 50, ал Атыраудан әуесқой триатлон клубының спортшылары Е.Елешев пен Е.Құрманов бақ сынады.
Спортшылар Еркін Құрманов Астанада, Есімхан Елешев Вьетнамда әлем бойынша өткізілетін іріктеу турнирлерінде слот тауып, әлем чемпионатына іріктелген болатын.
Енді спортшыларымыздың қазан айында Түркияда өтетін жарысқа қатысу жоспарлары бар. Ол уақытта клубтан жалпы саны 10 триатлоншы барады деп күтілуде.
ATYRAU IRON TEAM — Атырау қаласындағы алғашқы және әзірге жалғыз әуесқой триатлон клубы. Ол ресми түрде 2020 жылы құрылған. Бүгінгі таңда 40-тан астам мүшесі бар. Клуб директоры Есімхан Елешев болса, Нартай Қазиев, Данияр Ақынбек, Махамбет Сабыр жаттықтырушы болып еңбек етеді.
Қысқа уақыт ішінде клуб мүшелері түрлі халықаралық және республикалық жарыстарға қатысып, тамаша нәтижелерге қол жеткізген. Олардың ішінде Түркия, БАӘ Дубай, Вьетнам, Ресей, Греция, Германия, Италия сияқты елдер бар.
Айта кетейік, Ironman — Дүниежүзілік триатлон корпорациясы (WTC) өткізетін ұзақ қашықтықтағы триатлон жарыстарының сериясы. Оның әрбір жеке жарысы үзіліссіз келесі тәртіпте өткізілетін үш кезеңнен тұрады: 4 шақырымға суда жүзу, 180 шарқырымға тас жолда велосипедпен жүру және 42 шақырымға марафон жарысы. Сондай-ақ жүзу 2 шақырым, веложарыстан 90 шақырым және жүгіруден 21 шақырым болады. Ironman триатлоны әлемдегі ең қиын бір күндік жарыстардың бірі. Ironman қазақ тіліне аударғанда – «темір адам» деген мағына береді.