Облыс бойынша 188 жобаға несие бөлу арқылы, 199 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Бұл туралы AtyrauPress жазды.
Осы мақсатқа республикалық бюджеттен 1 млрд. 504 млн теңге қаржы қарастырылып отыр. Бүгінгі күні аталған бағдарлама бойынша 1500 -ден астам тұрғын кеңес алды. 64 өтінім түсіп, оның 17-сі мақұлданды. Нәтижесінде 18 жұмыс орны ашылады. Өтінімдер жыл соңына дейін қабылданады. Бағдарлама 2023-2025 жылдарға арналған. «АУЫЛ аманаты» жобасы бойынша тұрғындар бизнесін дамытуға немесе кооператив құрамында жеңілдетілген несие ала алады, сондай-ақ техниканы лизингке рәсімдеуге болады. Қарыз алу шарттары да өте тиімді, себебі ондағы пайыздық мөлшерлеме әлдеқайда төмен. — несие/микронесие мерзімі – 5 жыл, ал мал шаруашылығы және ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру саласындағы жобалар бойынша 7 жылға дейін; — несиенің/микронесиенің ең жоғары сомасы қолданыстағы заңнама бойынша айқындалады; — номиналды сыйақы мөлшерлемесі – 2,5 пайыз, кепілмен қамтамасыз ету. Мұндай несиенің халыққа пайдалы болары анық. Мәселен, бүгінде бірде-бір коммерциялық банкте ауыл тұрғындарында мұндай шарттармен несие алу мүмкіндігі жоқ. Әлемдегі инфляцияны ескеретін болсақ, 2,5 пайыздық несие бұл – өте тиімді. Сондықтан да ауылда қандай да бір өндіріс ашып, оны дамыту үшін бұл – үлкен мүмкіндік.