Jannah Theme License is not validated, Go to the theme options page to validate the license, You need a single license for each domain name.
БастыМәдениет

Атыраулық айтыскер ақындар облыс әкімінің алғыс хатымен марапатталды

Облыс әкімінің орынбасары Марат Мурзиев «Асыл домбыра» мега-жобасының жекелей сынынан іріктеліп, финалдық кезеңге қатысып келген айтыскерлерді қабылдады.

1 шілде күні Абай облысы Ақсуат ауданында «Асыл домбыра» жобасының ақтық мәресі өткен болатын. Додада Атыраудың намысын Сырымбек Сәрсенбаев пен Абылай Смағұлов және Батыржан Кәдірбай қорғады. Олар осыған дейін жекелей сындарда жеребелік кестемен келген қарсыластарын жеңіп, іріктеу кезеңінде үздіктер қатарынан көрінді.

-Жобаның іріктеу кезеңі екі қалада өтті. Соның бірі облыс әкімі Серік Шәпкеновтың қолдауымен 17 маусымда Жылыой ауданында ұйымдастырылды. Онда 16 ақын бақ сынап, 8 ақын жеңіске жетті. Олардың арасында Сырымбек Сәрсенбаев, Батыржан Кәдірбай, Абылай Смағұлов болды. Үшеуі де финалдық кезеңге жолдама алды. Сөйтіп, ақындар 1 шілде күні Ақсуат ауданында өткен ақтық мәреде ең жоғары деңгейде айтыс жасады. Нәтижесінде, Сырымбек Сәрсенбаев жүлделі үшінші орынды иемденді. Ал, Абылай Смағұлов пен Батыржан Кәдірбайға жоғары деңгейде көрсеткен өнерлері үшін арнайы сый-сыяпаттар табысталды,- деді «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық Одағы» Атырау облысы филиалының төрағасы Шалқарбай Ізбасаров.

Енді ақындар «Асыл домбыра» жобасының командалық кезеңінде бақ сынайды. Дүбірлі додада еліміздің әр өңірінен жиналған 20 команда айтысқа түседі. Атыраулық құраманың шебінде «Асыл домбыра-2022» иегері Сырымбек Сәрсенбаев пен индерлік Жәнібек Садыров және белгілі жас ақын Батыржан Кәдірбай бар.

Бұл ретте облыс әкімінің орынбасары айтыскерлерге сәттілік тілеп, ұсыныс-тілектерін тыңдады. Сондай-ақ, Марат Мурзиев осыған дейін айтылып жүрген ақындардың жолақысы, сахналық киімі мен домбыра мәселесін шешу үшін тиісті іс-шаралар жүргізіліп жатқанын айтты.

Back to top button