Атырау облысында «Мектепке жол» акциясы аясында 14 790 баланың әрқайсына киім-кешек пен кеңсе тауарларын сатып алу үшін 40 567 теңге бөлінді. Бұл туралы Атырау облысы Білім беру басқармасының басшысы Ерлан Сламбеков баспасөз брифингінде мәлім етті.
Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес әр облыстағы әлеуметтік осал топқа жататын отбасыларының балалары мектеп формасы және оқу құралдарымен қамтамасыз етіледі. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 25 қаңтардағы №64 қаулысына сәйкес санаттағы отбасының балаларына көмек көрсетіледі. Ал Атырау облысында көмекке мұқтаж 14 790 бала бар.
— Үкімет тарапынан қаржылай көмекті мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардан шыққан балалар, АӘК алмайтын, жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасынан төмен отбасылардан шыққан балалар, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған бүлдіршіндер және төтенше жағдайлар салдарынан шұғыл жәрдемді талап ететін жандар алады, — деді Е.Сламбеков.
Баспасөз брифингі барысында Білім беру басқармасының басшы орынбасары Орынтай Биманова қаражат мақсатты жұмсалу керектігін айтты.
— Қазіргі уақытта көмекке мұқтаж отбасылардан шыққан балаларға мектепке қажет заттарды алып беру үшін меценаттар мен кәсіпкерлерге акцияға қатысу жөнінде өтініш жіберіп жатырмыз. Сондай-ақ, ата-аналардан балалардың мектеп формасы мен кеңсе құралдарына арнайы бөлінген қаражатты мақсатты жұмсауды сұраймын,-деді О.Биманова.
Айта кетейік, енді мектеп формасы мен кеңсе тауарларын ата-аналар өздері таңдап алады. Себебі мемлекет тарапынан бөлінетін қаражат ата-аналардың есеп шоттарына аударылады.