Қабылдауға келген тұрғындар баспанамен қамту, жер телімін бөлу, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту, еңбек дауын шешу сынды әлеуметтік мәселелерді көтерді.
Жеке қабылдауға келгендердің арасында Арман Шеріпбаев пен Нұрдәулет Құмарғали бар. Олар авторлық «Еңбек қауіпсіздігі мәдениеті мен қызметкер этикасының алдын алу» инновациалық жобасына серіктес іздейтінін айтып, облыс әкімінен қолдау көрсетуді сұрады.
— Біздің жоба әр түрлі салада жұмыс істеп жатқан қызметкерлерге құзыреттілігін дамытып, оларға психологиялық, медициналық және заң тұрғысында көмек көрсетеді. Біздің басты мақсатымыз — қауіпсіз және ыңғайлы жұмыс орнын ұйымдастыру. Өнеркәсіптік қауіпсіздік мәдениеттен басталады. Біз еңбек қауіпсіздігі мен этикасының корпоративтік мәдениетін ұйымдастырғымыз келеді. Осы ретте жоба аясында «Slack» мобильді қосымшасын жасадық. Мұнда қызметкер кез-келген уақытта өз проблемасымен онлайн-чатқа жүгіне алады, онда оған әр түрлі саладағы маман білікті көмек көрсетеді. Осылайша, өндірістегі төтенше жағдай саны азаяды және өнімділік артады,-деді А.Шеріпбаев.
Аймақ басшысы жоба авторларына қажетті қолдау көрсететінін айтты. Сонымен қатар өңірдегі «Теңізшевройл» ЖШС, «NCOC» N.V компаниясы өкілдерімен арнайы кездесу ұйымдастыратынын жеткізді. Бұл ретте авторлар қараша айына дейін жоба туралы толық видео мен презентация жасақтауын, қорғау үшіг жан-жақты талдау жасауды тапсырды.
Тұрғындармен кездесуге жауапты басқарма басшылары, «Отбасы банк» АҚ Атырау облыстық филиалының өкілі қатысты. Олар азаматтардың сұрақтарына жауап беріп, қажетті кеңес берді.
Аймақ басшысы жеке қабылдауға келген азаматтардың мәселесін тиісті сала мамандарымен бірге қарап, заң аясында шешу бойынша нақты тапсырмалар берді.
Жеке қабылдауға келген азаматтардың басым бөлігі тұрғын үймен қамтамасыз етуді сұрады. Оларға баспана заң аясында кезек бойынша берілетіні түсіндірілді.
Облыс әкімі бүгінге дейін 50 қабылдау өткізіп, 600-ге жуық тұрғынды қабылдады. Сондай-ақ, аудандарға жұмыс сапары барысында 300-ге жуық тұрғын жеке қабылдауға келді.
Облыс әкімінің жеке қабылдауына жазылуды Атырау облысы әкімі аппаратының өтініштерді қарауды бақылау бөлімі жүргізеді.