Жасұлан Бисембиев Гинтаутас Васюлиске ілтипат білдіре отырып, Атырау облысының Литвамен арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастығы нығайып келе жатқанын атап өтті. Сонымен қатар Атырау облысы үшін маңызы бар ұсыныстар мен жобаларды әркез қолдайтынын айтты.
Кездесуде туризм, көлік, логистика және құрылыс салаларын одан әрі дамыту мәселелерін талқыланды.
Өз кезегінде Гинтаутас Васюлис Атырау облысымен арадағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ниетті екенін растады. Сондай-ақ Литва Құрметті консулдығының ашылу салтанатына қатысуға шақырды.
Осы жылдың қаңтар-мамыр айларында Атырау облысының Литвамен сыртқы сауда айналымы 222,8 млн. АҚШ долларына жеткен. Оның ішінде экспорт көлемі 222,6 млн.АҚШ долларын, импорт 200 мың АҚШ долларын құрады.
Жиыннан соң қос тарап Атыраудағы Литва Құрметті консулдығының ашылу салтанатына қатысты. Елшілік ғимараты Студенттер көшесі 52-үйде орналасқан. Атырау облысындағы Литваның Құрметті консулы лауазымына Болат Бушанов тағайындалды. Оған Гинтаутас Васюлис салтанатты түрде мөр табыс етіп, алдағы қызметіне сәттілік тіледі.