Жұмыссыз жүрген атыраулықтар бес мамандықты меңгеру курсында оқиды. Бүгін жұмыссыздарды іріктеу басталды. Бұл туралы алғашқы болып ҚазАқпарат тілшісі жазды.
Атырау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Азамат Мәмбетовтің айтуынша, жұмыссыздар бес мамандықты шетелдік капиталмен бірлескен кәсіпорынның демеушілігімен меңгереді.
«Облыс әкімдігі мен шетелдік компания арасындағы келісімге сәйкес жұмысшы мамандықтарына оқыту жобасы 2019 жылдан бері жүргізіліп келеді. Шетелдік компания екіжақты келісімді бұзбай, осы кезге дейін 3 мыңнан астам адамды 11 мамандыққа оқытты. Кейіннен нарықта сұраныста жоқ мамандықтарды алып тастадық. Қазір сұраныстағы 5 мамандықты қалдырдық. Бұл – құбыр монтаждаушы, БӨАжА монтаждаушы, электромонтаждаушы, құбыр дәнекерлеуші және металл конструкцияларын дәнекерлеуші. Соңғы көрсетілген екі мамандыққа оқыту ұзақтығы – 4 ай. Ал, үш мамандықты қалағандар 3 ай оқытылады», -деді Азамат Мәмбетов.
Оның айтуына, бүгін, 3 шілдеде жауапты мамандар аудандардағы жұмыссыз азаматтарды оқуға іріктеуді бастады. Іріктеу 7 шілдеге дейін Исатай, Құрманғазы, Индер, Махамбет, Мақат, Қызылқоға, Жылыой ауданында өтеді. Оқыту курсына қабылданғандар жатақхана және үш мезгіл берілетін тамақпен қамтылады.