І республикалық фестиваль-форум Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, Атырау облысының құрметті азаматы, көрнекті режиссер Чапай Зұлхаштың құрметіне ұйымдастырылып отыр.
Алдымен журналистер арасында баспасөз маслихаты өткізілді. Одан әрі қазақтың көрнекті режиссері, сахна саңлағы, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Атырау облысының құрметті азаматы Чапай Зұлхаш атындағы І республикалық режиссерлер мен сценографтардың фестиваль-форумының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев қатысып, арнайы құттықтауын жеткізді.
-Бүгінгі фестиваль Атырау өңіріне ерекше танымал өнер қайраткері, облысымыздың құрметті азаматы, театр, өнер саласының майталманы Чапай Зұлқаш атамыздың рухына арналып отыр. Ол еліміздің түкпір-түкпірінде қызмет етіп, соңғы жылдары өзінің туған өлкесіне қайтып келіп, Махамбет атындағы театрдың жандануына, дамуына өзіндік үлесін қосқан біздің ұлы азаматымыз, жерлесіміз. Бүгінгі шараның мазмұны — оның өмір жолын еске алып, өнердегі салған ізі, өзінің тәбиелеген шәкірттері, қойған қойылымдары, жалпы өнерге деген үлесін дәріптеу. Сондықтан өткізіліп отырған бұл фестиваль жалпы театр өнерінің, мәдениетіміздің үлесі болады деген сеніміміз бар. Мұнда ең үздіктер анықталып, Атыраудың көрермендеріне тартымды шығармаларды көрсетіп, нағыз мәдениеттің тойына айналары сөзсіз,- деді Ж.Бисембиев.
Қазақ театр өнерінде қайталанбас қолтаңбасын қалдырған, режиссура әлемінде атын мәңгіге әйгілеген Чапай Зұлхаш – көңілі мен өмірін театрға арнаған, өнерге адал болған, адамзат ғұмырын, тұлғалар тұғырын режиссурасында айшықтаған тұлға. Оның естеліктерін шәкірті, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сәбит Қожабеков үлкен сағынышпен еске алды.
-1986 жылы студияны бітіріп, «Алдар көсе» спектаклін қойдық. Соны Чапай ағамыз әдейілеп көруге келіпті. Елтайды, мені 1986 жылы күз айында Махамбет атындағы қазақ драма театрына алып келді. Ол өте талапшыл болатын. Алғаш театрға келгендегі Чапай ағаның бізге берген тәжірибесі біздер Оңтүстік өңірден болғаннан кейін әріптерді дұрыс айта алмаймыз. Ч, щ деп сөйлеп қоямыз. Сол тілді жаттықтырып, сындырып, сахнаға лайықты етіп, спектакль қай рөлде ойнасаң да сол рөлге өзіңді тыным таптырмай дайындап, әзірлеп рөлдің жақсы шығуына өте үлкен ұлағатты ұстаз бола білді. Чапай аға әкелік, ағалық мейіріммен қарайтын біздерге. Режиссерлық жұмысымызға келгенде де, рөл ойнағанда да ол рөлді шыдай алмай сахнаға шығып, түсінікті болу үшін өзі ойнап көрсететін. Ол ағамыз Атырау облысынан шыққан режиссер, актер, Нарында туған нар тұлға деп білеміз, құрметтейміз,- деді С.Қожабеков.
Фестиваль шымылдығы – Абай атындағы Семей мемлекеттік қазақ музыкалық драма театрының Абайдың «Бес нәрсе» драмасымен ашылды. Фестивальде үздік режиссер, үздік сценограф, үздік әйел, үздік ер адам рөльіне номинациялар қарастырылған. Режиссерлер мен сценографтар арасындағы сайыс 10-маусымға дейін болады. Оған Семей, Павлодар, Ақмола мен Алматы облысы және қаласынан келген 6 театр ұжымы қатысып, бақтарын сынауда.
Айта кетейік, фестиваль-форум Атырау облысы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылып отыр.