Jannah Theme License is not validated, Go to the theme options page to validate the license, You need a single license for each domain name.
БастыДенсаулық

Атырауда «Қамқорлық» ерте араласу орталығы ашылды

Қалалық перзентхана базасында ашылған орталықта облыс бойынша нейро-ортопедиялық бұзылыстары бар және 3 айдан 3 жасқа дейінгі балалар кешенді оңалту көмегін алады. Салтанатты жиынға облыс әкімі Серік Шәпкенов, «Ембімұнайгаз» АҚ Бас директоры Сәбит Арынов, «Қазақстан халқына» ҚҚ Басқарма төрағасының орынбасары Ләззат Шыңғысбаева, «Қамқорлық қоры» ҚҚ директоры Арайлым Еркінова қатысты.

Аймақ басшысы орталықтың ашылуымен құттықтап, ақ халаттылардың жұмысына сәттілік тіледі.

— «Қамқорлық» ерте араласу орталығы — облыста көптен күткен жобамыздың бірі. Бүгін сәті түсіп, орталық есігін айқара ашты. Қоғамда ерекше балалардың саулығын нығайту, оларға көңіл бөлу — басты мақсат. Мұнда жаңа әдістерді пайдалана отыра емдеп, ауруды ерте анықтап, баланың денсаулығын дұрыстап, ерекшелігімен бірге өмірге бейімдейді. Осы игі істеріміз ұзағынан болсын. Орталықтың ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Ақ халатты абзал жандардың еңбегі ақтала берсін! — деді С.Шәпкенов.

«Қамқорлық» ерте араласу орталығы медициналық, әлеуметтік және педагогикалық бағытта жұмыс істейді. Орталық шілде айынан бастап церебралды сал ауруы, шала туу, Даун синдромы, дамуында туа біткен ақаулары, бұлшық ет дистрофиясы, жүйке жүйесінің басқа да аурулары бар балаларды қабылдайды.

Орталықта әр бір сәбиге оңалтудың жеке жоспары жасалады. Оны невропатологтар, оңалту дәрігерлері мен педиатрлар, емдік дене шынықтыру (ЕДШ) нұсқаушылары, кәсіптік терапевтер мен логопедтер жүзеге асырады.

«Қамқорлық» орталығында балалармен жұмыс істеу үшін тиімді технологиялар ұсынылған. Олар – механотерапия және ЕДШ залы, сенсорлық бөлме, иммерсиялық ванна, шунгит және тұз бөлмелері. Сонымен қатар қосымша есту және бас миын зерттеуге арналған диагностикалық жабдық орнатылды. Ол дамудың алғашқы кезеңдерінде бұзушылықтарды анықтауға және оңалту бағытын әзірлеуге мүмкіндік береді.

Back to top button