Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Оспанов Атырауға келген іс-сапарында айтты.
Вице-министр облыстағы мүмкіндігі шектеулі жандарға көрсетілетін әлеуметтік қызметтермен танысып, арнаулы орталықтарды аралады. Аралау барысында әлеуметтік қызметкерлердің ұсыныстарын тыңдап, алдағы уақытта атқарылатын іс-шаралар жоспарын айтты.
-Елімізде мүгедектігі бар азаматтарға арналған оңалту орталықтарын салу қолға алынды. Соның бірі Атырау облысында бой көтермек. Бұдан бөлек, биылдан бастап инватакси қызметі Яндекс Go мобильді қосымшасы арқылы жүзеге асады. Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін техникалық оңалту құралдарының паркі ашылады. Оңалту техникалық құралдары парктерін құру, оңалту құралдарының заманауи, қымбат түрлеріне қолжетімділікті кеңейтуге мүмкіндік береді,- деді Е.Оспанов.
Айта кетейік, қазір облыста мүмкіндігі шектеулілерге арналған 55 орындық оңалту орталығы жұмыс істеп тұр. Мұнда бір жылда 100-ден аса науқас кезекпен келіп қызмет алады. Бұл ретте орталық басшысы жұмыс барысында қажетті құралдардың жетіспеушілігі мен орын тапшылығы сезілетінін айтты.
Бұдан бөлек, вице-министрмен арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарындағы техникалық қызметкерлердің жалақы мәселесі талқыланды. Сондай-ақ, орталық басшылары психоневрологиялық ауытқуы бар науқастарға қызмет көрсететін әлеуметтік қызметкерлерге зейнет жасын ерте тағайындау туралы ұсыныстарын жеткізді.