18 сәуір – Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындарды қорғау күніне орай облыстық тарихи-өлкетану музейінде тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығының ұйымдастыруымен «Атырау облысының тарихи-мәдени мұрасы: зерттеу және сақтау мәселелері» атты дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Дөңгелек үстелдің мақсаты – өлкенің тарих және мәдениет ескерткіштерін зерттеу мен оларды қорғау бағытындағы өзекті мәселелерді талқылау және оларды шешу жолдарын айқындау.
Жиынға мәдениет мекемелерінің басшылары, қала және аудандық мәдениет бөлімдерінің басшылары мен мамандары, тарихшылар мен өлкетанушылар қатынасты.
Іс-шараны облыстық Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Ә.Жоламанов ашып, тақырып аясында зертеу орталығының басшысы Т.Достыбаев, өлкетану музейінің археологы А.Қалшабаев және Сарайшық музей қорығының бас инспекторы А.Тұрарұлы баяндама жасады. Баяндамалар мазмұны облыстың өткен жылы зерттеу орталығының, өлкетану музейінің және Сарайшық музей-қорығының атқарған жұмыстары мен ескерткіштерді қорғау және зерттеу мәселелері аясында болды. Тақырыптар бойынша қатысушылар өз пікірлерін ортаға салып, ұсыныстарын жеткізді.
Сонымен қатар, өңірдің тарих және мәдениет ескерткіштерінің және зерттеу жұмыстарының фото-көрмесі ұйымдастырылды.
Жиын соңында өлке тарихын зерттеуде өзіндік үлестері бар өлкетанушылар мен тарихшылар, яғни М.Өтеғалиев, Н.Нағимов, Қ.Жылқышиев және Н.Ақназаров облыстық Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының алғыс хаттарымен, сонымен қатар, зерттеу орталығы басшысының орынбасары Ф.Байдәулетов Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағының «Еңбек даңқы» төсбелгісімен, зертеу орталықтың бөлім меңгерушісі М.Макжанова кәсіподақтың «Құрмет граматосымен» марапатталды.