Jannah Theme License is not validated, Go to the theme options page to validate the license, You need a single license for each domain name.
БастыЭкономика

Аймақ басшысы Серік Шәпкенов Исатай ауданы Тұщықұдық ауылдық округіне жұмыс сапарымен барды

Алдымен Тұщыдық ауылдық округіндегі әлеуметтік нысандарды аралады. Мұнда Бақсай каналын күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты. Жайық өзенінен бастау алатын каналдың жалпы ұзындығы — 137 шақырым. Бақсай каналы Махамбет ауданы Жалғансай ауылы Жайық өзенінен бастау алып, Исатай ауданының 73,4 шақырымын қамтиды. Канал Қамысқала, Тұщықұдық және Аққыстау ауылдық округтерін қамтиды. Құрылыс жұмыстары 2022 жылы басталған.
Ал каналды қазудың жобалық-сметалық құжаттамасы 2021 жылы жасақталды. Тұрғындар каналдың ортасында өскен қамыстың әлі күнге алынбағанын айтады. Алайда бұл жұмыстар жобалық-сметалық құжаттамаға енбегендіктен, қамыстан тазарту жұмыстары істелмей, жағасы ғана бекітілуде. Бүгінде Исатай ауданындағы канал бойындағы жұмыстар аяқталуға жақын. Қазіргі таңда шлюз орнатылуда. Аймақ басшысы «Қазсушар» РМК және мердігер мекеме өкіліне жобаға енбей қалған жұмыстарды жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттамаға түзету енгізуді тапсырды. Ал қалған жұмыстарды уақытылы аяқтау үшін барлық техниканы жұмылдыруды жүктеді.

Сонымен қатар «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы аясында салынған Тұщықұдық ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешеніне барды. Кешен осы жылдың ақпан айында пайдалануға берілген. Дзюдо, джиу-джитсу, бокс, волейбол үйірмелеріне барлығы 120 бала қатысады. Алайда ғимарат кішкентай болғандықтан, ауыл балаларын толық қамту мүмкін болмай тұр. Облыс әкімі құрылыс басқармасының басшысына қосымша спорт кешенін салу үшін тиісті жұмыстарды бастауды тапсырды.

Кейін Ж.Мырзағалиев атындағы орта мектебіне 350 орындық жапсаржай салу құрылысымен танысты. Тапсырыс беруші — облыстық құрылыс басқармасы. Мердігер мекеме — «Тоныкөк Құрылыс» ЖШС. Ғимарат «Теңізшевройл» ЖШС-нің «Игілік» бағдарламасы аясында салынуда. Құрылыс жұмыстары 98%-ға аяқталған. Бүгінде ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде. 2023-2024 оқу жылында пайдануға беріледі деп жоспарланған.

Жұмыс сапары барысында облыс әкімі Тұщықұдық ауылдық округінің тұрғындарымен кездесіп, азаматтарды жеке сұрақтары бойынша қабылдады.

Жиында аймақ басшысы Тұщықұдық ауылдық округінде атқарылып жатқан істер туралы баяндама жасап, кейін тұрғындардың ұсыныс-пікірін тыңдады. Мұнда көше жарығын жүргізу мәселесі өзекті.

— Тұщықұдық ауылдық округінде өте маңызды мәселелердің бірі — электр желілері. Биыл Қызыл үй елдімекенінде 13 шақырым электр желісі жүргізіледі. Бұл жерде мына нәрсені айтып кету керек. Тұщықұдық халық саны бойынша аудан орталығынан кейін екінші орында тұрған округ болған соң, ауыл ішіне көше жарығын жүргізу мәселесі өте өзекті. Бұл жерде аудан әкімі өз ойын айтты. Яғни, жол құрылысын жүргізіп жатқан мекеме тасжолдың бойына жарық орнатады. Ал аудан әкімдігі ауылішілік негізгі көшелерге, әлеуметтік нысандар орналасқан көшелерге жарық тартуды жоспарлап отыр. Бүгінде бұл жұмыстар үшін жобалық-сметалық құжаттамасы жасақталып, қаржы сұратылуда. Біз бұл жоспарды қолдаймыз. Сондықтан көше жарығын орнату жұмыстарына кірісіңіздер,-деді С.Шәпкенов.

Кездесуде тұрғындар газ құбырын тарту, ауылішілік автокөлік жолын, демалыс орнын, ойын алаңын және балабақша салу, денсаулық сақтау, халықты жұмыспен қамту сынды мәселелерді көтерді.

Серік Шәпкенов тұрғындармен өткен мұндай ашық кездесулердің нәтижесі елдімекендерді дамытуға, инфрақұрылым мәселесін шешуге оң әсерін тигізетінін айтты. Сондай-ақ балалардың игілігі үшін нысандарды көптеп салу мәселесін бірінші орынға қою қажеттігін, оған қаражат бірінші кезекте берілетінін айтты. Тұрғындарға ауылда жүріп жатқан құрылыс жұмыстарын мердігерлер сапалы жүргізуі үшін қоғамдық бақылауды күшейтуді тапсырды. Сонымен қатар жиында көтерілген сұрақтар заң шеңберінде кезең-кезеңімен шешілетінін айтты.

Тұщықұдық ауылдық округінде 5 370 халық тұрады. Мұнда 3 мектеп, 1 спорт кешені, 1 балабақша, 1 амбулаториялық емхана, 1 полиция бөлімшесі және өзге де әлеуметтік нысандар бар.

Облыс әкімінің Тұщықұдық ауылдық округінің тұрғындарымен кездесуі Исатай ауданы әкімдігінің Facebook, Instagram желісіндегі ресми парақшасында тікелей эфирде көрсетілді.

Back to top button