Jannah Theme License is not validated, Go to the theme options page to validate the license, You need a single license for each domain name.
БастыСаясат

Облыс әкімі Серік Шәпкенов Еуропалық қайта құру және даму банкінің өкілдерін қабылдады

Жиынға Орталық Азия бойынша ЕҚДБ басқарушы директоры Жужанна Харгитай, Қазақстан бойынша ЕҚДБ басшысы Озхан Хусейн, инфрақұрылым департаменті директорының орынбасары Бахтиёр Файзиев, жобалар бойынша аға маман Арман Ишмухамедов және басқарма басшылары қатысты.

Қос тарап Атырау өңірінде инвестициялық жобаларды іске асыру үшін қаржыландыру мәселелерін талқылады.

Серік Шәпкенов еліміздің Еуропалық қайта құру және даму банкі 30 жылдан бері маңызды әріптесі екенін, бұл байланыстың екі жаққа да табысты болғанын атап өтті.

— ЕҚДБ — еліміздің сенімді серіктесі. Сіздің банк жүзеге асырған жобалармен таныспын. Біз сіздермен кез-келген бағытта жұмыс істеуге дайынбыз. Жалпы қалада жеке тұрғын үй секторы көп. Олардың 80 пайызы орталық кәріз жүйесіне қосылмаған. Осы ретте қала мен әр ауданды үлкен магистральдық желілерге қосу үшін бірыңғай бағдарлама жасақтауға болады. Сондай-ақ балық шаруашылығы мен ауыл шаруашылығы саласында да бірлескен жобаларды іске асыруға мүмкіндік бар, — деді С.Шәпкенов.

Өз кезегінде Орталық Азия бойынша ЕҚДБ басқарушы директоры Жужанна Харгитай тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған түрлі инвестициялық жобаларды қаржыландыруға дайын екенін жеткізді.

— Бұл біздің Атырау өңіріне алғашқы сапарымыз. Өздеріңіз білетіндей, қазіргі уақытта Атыраудағы негізгі клиентіміз — АМӨЗ. Оған банктен кәріз-тазарту құрылыстарын қайта жаңғырту үшін қаражат берілді. Сондай-ақ шағын және орта бизнесті дамыту жөнінде айтқым келеді. Тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту үшін бұл салада қандай бағыттарды ұсынасыз? Сонымен қатар тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық секторына қатысты, яғни тұрмыстық қалдықтарды тазарту, кәріз-сору станциясын салу немесе басқа да қызмет түрлері бойынша жобаларды жүзеге асыру жөнінде мәселелерді талқылағымыз келеді. Біз осы және сіз ұсынған өзге де жобаларды инвестициялауға дайынбыз,— деді Ж.Харгитай.

2022 жылдың қорытындысы бойынша облысқа Еуропалық қайта құру және даму банкі 54,4 млрд теңге несие көлемінде 2 647 жобаға қолдау көрсетті.

2023 жылы кәсіпкерлерді қаржылай қолдау аясында ЕҚДБ бюджетінен шағын және орта бизнес өкілдеріне 10,5 млрд теңге бөлініп, 2 500-ге жуық жобаны қаржыландыру жоспарланып отыр.

Back to top button