Атыраудың атмосфералық ауасында күкіртті сутегі шекті нормадан 20 есеге артқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыстық экология департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, ауа сапасы 34 стансадан бақыланады. Оның ішінде «Қазгидромет» АҚ өңірлік филиалының балансында – 11, Атырау мұнай өңдеу зауытына тиесілі – 4, «Норт Каспиан Оперейтинг Компани» компаниясының иелігінде 19 станса бар.
Кейінгі бірнеше тәулікте атмосфералық ауада көміртегі мен азот диоксиді, күкірттің жоғары мөлшері жиі анықталған. Мәселен, Атырау қаласындағы «Шағала» стансасында өткен тәулікте күкіртті сутегінің мөлшері бір текше метрге 22,6 мкг болып тіркелген. Бұл – рұқсат етілген шекті нормадан 20 есе көп.
Мұндай деректің тіркелуі бірінші рет емес. Облыстық экология департаменті басшысының орынбасары Сырым Тілегеновтің дерегіне жүгінсек, ауадағы жағымсыз иіс 24 наурызда біліне бастаған.
Ал, «Қазгидромет» РМК баспасөз қызметі Атырауда күн сайын дерлік ауа сапасының нашарлайтынын хабарлап отыр. Бұған қолайсыз метеорологиялық жағдайлар, атап айтқанда атмосфералық ауаның беткі қабатында зиянды (ластаушы) заттардың шоғырлануына ықпал ететін қысқамерзімді метеофакторлар әсер етеді. Оның ішінде тымық ауа райы, жеңіл жел, тұман, инверсия жиынтығы бар.
Мамандардың пікіріне сүйенсек, атмосфералық ауада күкіртті сутек болмауы тиіс. Ауадағы күкіртті сутегінің көп мөлшері бас және жүрек айнуын туындатады.