Атырау қаласында «Atyrau Oil and Gas» 20-шы Солтүстік Каспий өңірлік көрмесі басталды. Көрмеде «Теңізшевройл» ЖШС (ТШО) мамандары компанияның қазақстандық қамтуды қалай қолдау көрсететіндігі және дамытатындығы туралы айтып, қазақстандық қамтуды дамытудың жаңа бағдарламасын ұсынды.
— Жергілікті нарықтың мүмкіндіктерін зерделеу аясында біз алдын ала талдау жұмыстарын жүргіздік. Жылой ауданы бойынша ҚҚ шығындары қарқынды өсуде және 2021 жылы 91,8 млн АҚШ долл. құрады, оның ішінде ҚҚ үлесі 87,2 млн АҚШ долл. (97%) құрады, — дейді Асқар Ибрагимов.
ТШО сатып алынатын қазақстандық тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің көлемі бойынша мұнай-газ операторлары арасында жетекші орын алады. 2022 жылы ТШО соңғы 6 жылда қазақстандық тауарлар мен қызметтерді сатып алудың жоғары үлесіне жетті. Бұл төлемдердің көп бөлігі Келешек кеңею жобасымен және Ұңғыма ернеуіндегі қысымды басқару жобасымен байланысты.
1993 жылдан бастап ТШО Қазақстан Республикасына тікелей қаржылық төлемдер түрінде 176 млрд. АҚШ долл. астам, оның ішінде жергілікті тауарлар мен қызметтерге ақы төлеуге 43,6 млрд. АҚШ долл. астам қаражат бөлді және үнемі отандық жеткізушілермен ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктерін қарастырады. 2022 жылы ТШО соңғы 6 жылдағы ең жоғары жергілікті қамтудың көрсеткішіне жетті – 70%-дан астам.
Қазақстан, Австрия, Әзірбайжан, Германия, Қытай, Нидерланды, БАӘ және Түркиядан 80-нен астам компания қатысатын «Atyrau Oil and Gas» көрмесінің бас серіктесі Теңізшевройл болды.