Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов қоғам қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, ҚР Парламент Сенатының екі шақырылым депутаты, белгілі заңгер Сәрсенбай Еңсегеновті қабылдап, мерейлі 60 жасымен құттықтады.
Аймақ басшысы Атырау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін Сәрсенбай Еңсегеновке Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың құттықтау хатын табыс етті.
— Сізді әріптестеріңіз саяси-әкімшілік қызметте шыңдалған белгілі мемлекет және қоғам қайраткері ретінде жақсы біледі. Атырау облысында ұзақ жыл қызмет еттіңіз. Әрдайым біліміңізбен мол тәжірибеңіздің арқасында шебер ұйымдастырушылық қабілетіңізді таныта білдіңіз. Сенат депутаты болған тұсыңызда отандық заңнаманы жетілдіруге, Қазақстанның мәртебесін арттыру үшін шетелдерге серіктестік және парламентаралық ынтымақтастық нығая түсуіне мол үлес қостыңыз.Алдағы уақытта қоғамдық-саяси істердің бел ортасында жүріп, абырой биігінен көрініп, ел-жұрттың құрметіне бөлене беріңіз,-делінген құттықтау хатта.
Сәрсенбай Еңсегенов облыс әкіміне алғысын жеткізді.
— Адам баласының өмірінде әр түрлі белестері бар. Сол белестің бірі — 60 жас. Жұбан Молдағалиевтің «Мен қазақпын» поэмасында: Аңсаймын мен, сенемін, туады ертең, «Қазақ болу — зор бақыт» дер күн тіпті,-деген жолдар бар. Елімізде түрлі тарихи, саяси оқиғалар болды. Енді Отанымыз қиындық көрмесін. Әр баланың бойында мемлекеттік рух, адалдық, ар болу керек. Сонда ғана біздің болашағымыз баянды болады. Құрметті Серік Жамбылұлы! Мемлекет басшының құттықтау хатын аман-есен жеткізгеніңізге рахмет. Қасиетті Рамазан айы құтты болсын!-деді С.Еңсегенов.
Сәрсенбай Еңсегенов алғашқы еңбек жолын 1988 жылы Гурьев облысы Теңіз ауданы Ганюшкин ауылындағы орта кәсіптік-техникалық училищесі комсомол комитетінің хатшысы қызметінен бастаған.
1989 жылы Қазақстан ЛКЖО Теңіз аукомының комсомол ұйымдары бөлімінің меңгерушісі болса, 1990 жылы бірінші хатшысы лауазымына тағайындалды.
1992 жылы Теңіз аудандық кеңесінің аға заңгері;
1993 жылы Құрманғазы ауданы прокурорының көмекшісі;
1996 жылы облыстық прокуратураның сот қаулылары мен атқарушылық жүргізу заңдылығына қадағалау жөніндегі аға прокуроры;
1998 жылы облыстық прокуратура тергеу бөлімінің аға прокуроры;
1999 жылы Жылыой ауданының прокуроры;
2000 жылы Атырау қаласы прокурорының орынбасары;
2001 жылы облыстық прокуратураның мемлекеттік органдар қызметінің заңдылығын қадағалау жөніндегі бөлім бастығы;
2002 жылы Атырау облысы әкімінің мемлекеттік-құқықтық және әскери-жұмылдыру жұмыстары бөлімінің меңгерушісі;
2003 жылы облыс әкімі аппараты басшысының құқықтық қамтамасыз ету мәселелері женіндегі орынбасары;
2004 жылы Атырау облысының Тәртіптік кеңесінің төрағасы;
2005 жылы Атырау облысы әкімі аппаратының басшысы;
2006 жылы Атырау облысы Жылыой ауданының әкімі;
2006 жылы Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары;
2008 жылдан бері Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Заңнама және құқықтық мәселелер комитетінің мүшесі.