Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданында мектеп есепшісі 12 млн теңге жымқырып, құмар ойындарға жұмсаған.
Аудандық соттың мәліметіне сүйенсек, Күршімдегі орта мектептердің бірінде есепші болып жұмыс істеген ер адам 2018 жылдың қаңтарынан 2022 жылдың шілдесіне дейін ақша жымқырып келді.
Ол қаражатты өзінің банк картасына және мектепте жұмыс істемейтін туыстарының шотына аударып отырды. Келген материалдық шығын – 11,9 млн теңге.
«Айыпталушының кінәсі сот-экономикалық сараптаманың қорытындысымен, куәгерлердің сөздерімен дәлелденді. Сотталушы да өз кінәсін толықтай мойындады. Ер адам ақшаны құмар ойындарға және несиесін өтеуге жұмсаған», — деп хабарлады Күршім аудандық сотының баспасөз қызметі.
Сот шешімімен ер адам мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан өмір бойына айырылып, үш жарым жылға түрмеге қамалды.