Бұл туралы Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Нұрлан Жантоқов мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында 2021-2025 жылдары орман алқабында 2 миллиард ағаш отырғызу жөнінде берілген тапсырмасын жүзеге асыру үшін «Атырау облысында ормандарды өсіру мен молайтуға арналған» кешендік жоспары бекітілді. Жоспар бойынша бес жылда 2803 гектар орман алқабына барлығы 7 миллион екпелер отырғызу көзделген. Бұл бағыттағы жұмыстарға жергілікті бюджеттен 805 млн 400 мың теңге бөлу жоспарланды.
-2021 жылы облыстық бюджеттен 214 млн тенге қаражат бөлініп, олар орман шаруашылығы мекемелеріне техника алуға, тұқым жинау, өңдеу, сақтау, қоршау жұмыстарын жүргізуге және қосымша маусымдық жұмысшылардың еңбек ақысын төлеуге шығындалды.
Сол жылы облыстың орман қорының 309 гектар жеріне 905 мың ағаш көшеттері отырғызылды. Ал 2022 жылы орман қорына 543,5 гектар жерге 1 млн 389 мың ағаш көшеттерін отырғызу жоспарланып, толығымен орындалды. Бұл бағыттағы жұмыстарға облыстық бюджеттен 253,1 млн қаражат бөлініп, тиісті жұмыстарға жұмсалды. Жоспарға сәйкес осы жылы 573,5 гектар жерге 1 млн 439 мың ағаш көшеттерін отырғызу жоспарланып, қазіргі уақытта дайындық жұмыстары жүргізілуде,- деді Н. Жантоқов.
Айта кетейік, өңірімізде егілетін көшеттердің ішінде қарағаш, үйеңкі, шаған, тал, ирга, сексеуіл, тамарикс бар.