Jannah Theme License is not validated, Go to the theme options page to validate the license, You need a single license for each domain name.
БастыҚоғам

Қазақстан әскери қуаты бойынша әлемдік рейтингіде 145 елдің ішінде 63-орында тұр

Қазақстан әскери қуаты бойынша әлемдік рейтингте 145 елдің ішінде 63-орында тұр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Finprom.kz порталының жазуынша, Global Firepower-дің әскери қуаты бойынша рейтингінде Қазақстан 145 елдің ішінде 63-орында тұр. Елдің индексі — 1,0873. Көрсеткіш неғұрлым жоғары болса, мемлекеттің әскери қуаты соғұрлым жоғары дегенді білдіреді.

Рейтинг сарапшылары 60 түрлі факторды бағалайды. Оның ішінде қорғаныс шығындарының деңгейі, техника мен құрылғының арсеналы, әскердің көлемі, танктердің, кемелердің, ұшақтардың және басқа да әскери техникалардың саны, мұнай, көмір және басқа ресурстарға қолжетімділік қаперге алынады. Бұл ретте ядролық қарудың болуы ескерілмеді.

Рейтингке сәйкес, әскери қуаты ең жоғары елдер — АҚШ, Ресей және Қытай. Ал Бутан рейтингтің ең соңында тұр.

ТМД елдерінің ішінде Ресейден басқа Қазақстанның көрсеткіші Украина, Әзірбайжан, Беларусь және Өзбекстаннан төмен. Рейтингте Қазақстаннан төмен Түрікменстан, Армения, Қырғызстан, Тәжікстан және Молдова орналасқан.

Қазақстаннан жоғары тұрған ТМД елдерінің ішінде Ресей қорғаныс саласына 82,6 млрд АҚШ долларын, Украина 30 млрд АҚШ долларын, Әзірбайжан 3,1 млрд АҚШ долларын жұмсайды. Бұл ретте Беларусь пен Өзбекстанның бюджеті Қазақстандағыдан бірнеше есе төмен болып шықты: Қазақстанда 2,6 млрд АҚШ доллары болса, аталған екі елде тиісінше 723,1 млн және 692,5 млн АҚШ доллары.

Global Firepower сарапшыларының мәліметінше, ҚР авиациясында 237 ұшатын құрал, оның ішінде 75 жауынгерлік тікұшақ бар. Ал ұшақтардың ішінде 39 шабуылдаушы ұшақ, 81 жойғыш, 17 көлік және 25 оқу-жаттығу ұшағы тіркелген. Елдің құрлықтағы күштерінде 300 танк, 5,2 мың бронды тасымалдаушы, 246 өздігінен жүретін артиллериялық қондырғы, 456 сүйретілетін артиллериялық қондырғы және 407 көп реттік зымыран жүйесі бар.

Әскери қызметкерлердің жалпы саны 77 мың адамды құрайды, оның 45 мыңы белсенді әскерилер, 32 мыңы әскерилендірілген құрамаларға жатады.

Back to top button