Бұл туралы Үкімет отырысының кулуарында Денсаулық сақтау министрі Ажар ҒИНИЯТ хабарлады деп жазды azh.kz сайты.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде Атыраудағы жекеменшік емханада сәбидің бетін тіліп, «қиғаны» туралы видео пайда болғаннан кейін бірнеше мың қазақстандық дәрігер Денсаулық сақтау министрлігіне баламалы медицинаны, әсіресе кәмелетке толмағандарға қатысты реттеу шараларын алу туралы талап жолдаған болатын. Өйткені олардың пікірінше, «олардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне қауіп төніп тұр».
Сол видеодан кейін Ажар Ғиният хиджама жасайтын медицина орталықтарының барлығы тексерілетінін, оларды жабу мәселесі күн тәртібінде тұрғанын айтты. Бұл туралы министрдің есіне салған журналистердің сұрағына ол былай жауап берді:
— Атыраудағы орталық тексеріліп, санитариялық-эпидемиологиялық нормалардың бұзылуы анықталды. Соған байланысты қазір бұл орталықты жабу рәсімін жүргізіп жатырмыз. Бүгінгі таңда бұл ем елімізде медициналық рұқсат етілген ем-дом тізіміне жатпайды. Қазір бұл мәселені арнайы құрылған топ қарап жатыр, оның жұмысының қорытындысы бойынша шешім қабылданады. Жалпы, медицина қызметкерлерімен қатар еліміздегі белгілі ғалымдар мұндай емнің бірде-бір балаға пайдасы болмағанын айтып отыр.