Атырау облысының Махамбет ауданындағы «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының аумағында сапар орталығының құрылысы жүріп жатыр. Бұл туралы музей-қорық директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Әбілсейіт Мұқтар айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Сарайшық» музей-қорығының аумағында салынып жатқан сапар орталығының басты мақсаты – ежелгі қалашықтың, сондай-ақ Алтын Орданың, Ноғай Ордасының және Қазақ хандығының тарихымен танысуға келетін туристер үшін барынша жағдай жасау. Сарайшық Шығыс пен Батысты байланыстыратын Ұлы Жібек Жолында орналасқан XIII-XVI ғасырлардағы ең танымал қалалардың бірі болған. Білімі, ғылымы, қолөнері мен саудасы дамыған. Жайық өзенінің оң жағалауындағы ежелгі қала ислам дінінің орталығы ретінде танылған. Ұлыс ыдырағаннан кейін Сарайшық Ноғай (Маңғыт) ордасының, содан кейін Қазақ хандығының астанасы болды. Сарайшықта Қазақ хандығы билеушілерінің бірі Қасым хан алтын тағына отырды», — дейді Әбілсейіт Мұқтар.
Ортағасырлық қаланың өте бай тарихы бар. Туристерді қала тарихымен кеңірек таныстыру үшін сапар-орталығында алты экспозициялық зал қарастырылып отыр. Әр залдың әрқайсысының өз тақырыбы, сонымен қатар көрме павильоны бар.
Қазір «Сарайшық» музей-қорығының қорында 4,6 мыңнан астам ежелгі жәдігер сақталған. Тарихи қалашықтың аумағында да, оның маңында да ондаған шақырым радиуста маусымдық археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп келеді. Жыл сайын музей-қорық қоры жаңа жәдігерлермен толықтырылады. Сондай-ақ Алтын Орданың тарихын зерделеу және Сарайшық қалашығынан Ресей Федерациясының Астрахан облысындағы Сарай-Бату туристік орталығына дейінгі жаңа туристік маршрутты ашу үшін зерттеу жұмыстары қолға алынған.
«Жыл сайын Сарайшыққа туристер көп келеді. Сол туристерге ыңғайлы болу үшін сапар орталығында он бөлмелі қонақүй, сондай-ақ асхана ашу жоспарланған. Ал музей-қорық қызметкерлерінің ғылыми жұмыстарды алаңсыз жүргізуі үшін жеке кабинеттер мен зертхана ашылады. Қазір сапар орталығының құрылысы аяқталуға жақын. Мұнда әрлеу мен залдарды безендіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Көктемде сапар орталығы алғашқы туристерді қабылдайтыны жоспарланып отыр», — дейді Әбілсейіт Мұқтар.