Jannah Theme License is not validated, Go to the theme options page to validate the license, You need a single license for each domain name.
Мәдениет

Қазақстан суретшілері шет елдердің заманауи өнер көрмелеріне жұмыстарын ұсынуға мүмкіндік алады

Қазақстан суретшілері шет елдердің заманауи өнер көрмелеріне жұмыстарын ұсынуға мүмкіндік алады. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауалды бағдарламасы іс-қимыл жоспарына сәйкес, министрлікпен Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасының бірегей нысандарын ЮНЕСКО Бүкіләлемдік мұралар тізіміне номинациялау бойынша жұмыстар жүргізуде. 2025 жылғы жоспар бойынша ЮНЕСКО тізіміне енгізу үшін «Ұлы Жібек жолы: Ферғана-Сырдария дәлізі» трансұлттық номинациясы әзірленуде. Бұл дәліз 6 нысанды, атап айтқанда, Сауран, Отырар, Ясы, Жеті Асар, Жанкент, Сығанақ нысандарын қамтиды. Бүгінде аталған нысандар бойынша номинациялық құжаттамалар дайындалып жатыр. Қабылданған іс-шаралар нәтижесінде туристер саны ұлғаяды деп күтілуде», — деді министр.

Оның айтуынша, 2021 жылғы қарашада Үкімет креативті индустрияларды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасын бекітті. Алайда, құжаттың жетілдіретін тұстары көп. Бүгінге дейін уәкілетті органның құзіреті анықталмаған. Осы орайда министрлік креативті индустриялар ұғымын заңнамалық бекіту, саланы қолдау құралдары сияқты заңнамалық өзгерістерді енгізу бойынша бастамашылық етті.

Сонымен қатар министр 2023 жылдан бастап Қазақтуризм шетелдік нарықта креативті субъектілерді қолдау іс-шараларын қабылдап жатқанын айтты. Олардың қатарында Еуропа мен Азияның 5 қаласындағы заманауи өнер көрмелеріне қазақстандық суретшілердің жұмыстарын ұсыну; Berlin Bazaar қолөнершілер көрмесіне қатысу; шетелдік галеристердің, аукцион өкілдерінің қатысуымен Алматы қаласында Арт-жәрмеңке өткізу бар.

«Қазақстандық жұлдыздарды анықтау, сондай-ақ дарынды және талантты өкілдерді қолдау мақсатында министрлікпен түрлі жанрды қамтитын халықаралық конкурстар мен фестивальдар өткізу көзделген. Олардың қатарында «Ортеке» халықаралық қуыршақ театрлар фестивалі, «Көшпенділер әуені» халықаралық этникалық музыка фестивалі, халықаралық скрипкашылар конкурсы, сондай-ақ «Опералия» фестивалі сияқты ірі іс-шаралар бар. Барлық байқау мен фестивальді өткізу 2 000-ға жуық жасты қамтуға және 500-ге жуық талантты анықтауға мүмкіндік береді», — деді Дәурен Абаев.

Back to top button