Атырауда салмағы 5,7 келі болатын алып бала дүниеге келді
Атырауда салмағы 5,7 келі болатын алып бала дүниеге келді. Бойы – 64 см, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, алып нәресте облыстық перинаталдық орталығында өмірге келген.
«Қазір алып баланың да, оны өмірге әкелген анасының да жағдайы жақсы. Алып нәресте – отбасындағы төртінші бала. Сәбидің салмағы ірі болған соң, дәрігерлер анасына кесарь тілігі арқылы ота жасады. Ол – биыл өңірде дүние есігін ашқан алғашқы алып бала. Оның салмағы – 5700 грамм, ал, бойы – 64 см», -деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметі.
Дәрігерлердің айтуынша, медицинада нәрестенің салмағы 4 келіден асса, ірі, ал, 5 келіден жоғары болса, алып саналады.
Баспасөз қызметінің дерегіне қарағанда, кеше, 20 қарашада 34 сәби дүние есігін ашқан. Оның ішінде бір егіз бар.
«Сайлау күні өмірге келген нәрестелердің 19-ы ұл, 15-і қыз. Аналар мен сәбилердің денсаулығы қалыпты, бәрі де дәрігерлердің жіті бақылауында алынды» -деп мәлім етті басқарманың баспасөз қызметінен.
Облыстық перинаталдық орталығы директорының орынбасары Альмира Сабырғалиеваның айтуынша, биылғы 9 айда 6 796 сәби дүниеге келген.
Оның ішінде 96 егіз бен бір үшем тіркелген.
Үшем 6 қыркүйекте дүниеге келген үшемнің екеуінің салмағы – 1 келі 800 грамм, үшіншісі – 2 келі 200 грамм.
Жас отбасы Есет Құмар мен Аянгүл Сәбитова жаңа туған үшемге Ахмад, Батырхан, Исмаил есімін берген.